DemonSkiLL
Шығыс моншасы – Түркістан қаласындағы архитектура ескерткіш. Жартылай жер астына салынған көп күмбезді құрылыс, күйдірілген шаршы кірпіштен қаланған. Қасбеттерінің сәндік әшекейлері жоқ, қабырғалары кірпіштен қаланған. Көлемі жағынан әр қилы 9 бөлмеден тұрады, олардың атқаратын өзіндік қызметі мен салыну уақыты жағынан ерекшелігі бар. Үйдің ішкі бөлігі құрамында: «балқы» күмбезімен жабылған моншаға кіре беріс бөлме, басты жуынатын зал – ортасында 8 қырлы тапшаны бар 8 қырлы зал, ыстық және салқын суағарлары бар залдар, т.б. орналасқан. Ыстық залда сылауға (массажға) арналған кең тапшан бар. Су суағарлар арқылы келеді. Моншаның іш жағы сыланған. Тапшандар мен едендері 1,5×0,8 м көлемдегі мәрмәр қалақтастан жасалған. Құрылымы дәстүрлі Oрта Aзиялық тәсілдегі қақпа үстіндегі күмбездерін, «балқы» күмбездерін, қорапты жабындыларды бейнелейді. Түтін жүретін көмейі мен жылытатын құрылым еден астына орналасқан. Оттықтан шығатын жылу басты залдың 8 қырлы тапшаны астына орналасқан күмбезді дөңгелек көмейге ағылып келеді де, осы жерден шеңбер секілді арналар жүйесі арқылы басқа бөлмелерге тарайды. Арналарда жылудың таралуын тез қамтамасыз ететін құдықтар бар. Кір су едендердің еңкіш төсемелеріне жиналып, сыртқа ағып кетеді. 1979 жылы ескерткіш қалпына келтірілді.[1]
Answers & Comments