tulentaeva00
Киіз үй қазақтың өз өміріндегі ұстанар салты мен дәстүрінің де таңбасы, белгісі. Оның дүниетанымының, сан ғасырлық мәдениетінің жарқын айғағы. Өйткені қазақ халқының салт-дәстүрінің көпшілігі осы киіз үйге байланысты.Киіз үй, ең алдымен, оның иесінің байлығын, тұрмыс жайын білдіреді. Оның екі, үш қанаттан бастап он екі, он сегіз, отыз қанатқа дейін жететін түрлері болған. Ал киіз үйдің керегесінің басы 70-тен 360-қа дейін барады. Ауқатты қазақтардың киіз үйлері, әлгіде айтқандай, үлкен және өте бай жиһазды өрнектермен безендіріледі.Оларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Одан басқа киіз үйлердің алты қанат ақ боз, қоңыр үй, қара лашық, күрке отау, итарқа т.б. атаулары бар. Киіз үйлер өзінің мәдени-тұрмыстық, шаруашылық жағдайына байланысты да үш түрге: 1) жаздыгүні тұруға арналған, 2) мереке-жиын кезінде қонақ күтіп алатын және 3) жорық кезінде тігілетін киіз үй болып бөлінеді. Жолаушылар мен жорықшылардың тігетін үйлерін абылайша, ақ қос, қос, қаңқа, (арбаның үстіне тідгілетін үй), жарық үй деп атаған. Сондай-ақ құрым киізден, қамыстан, шиден киіз үй тектес үйшіктер мен күркелер салынатын болған. Бұлар, көбіне, қақыра немесе қалқа деп аталған да, жаугершілікте, майдан шебінде далада, жауын-шашыннан қорғану үшін тігілетін болған.Киіз үйдің негізгі қаңқасы – кереге, уық, сықырлауық, шаңырақ – киіз үйдің сүйегі деп аталады. Олар бір-бірімен бау-басқұрлармен біріктіріліп таңылады. Оның сыртынан ши тұтылады да, киіз әбзелдер (туырлық, үзік, түндік, киіз есік) жабылады. Бұлардың әрқайсысының өз орны бар: туырлық керегеден уықтың ортасына дейін, үзік кереге басынан шаңыраққа дейін, түндік шаңырақты, ал киіз есік сықырлауықты жауып тұрады. Бау-басқұрлар киіз үйдің сүйегін ұстастырып қана қоймай, сыртқы киіздерін де бастырып тұру мақсатында қолданылады.Киіз үйдің сыртқы әбзелдері күн сәулесі мен тамшы өткізбеген, жылу сақтаған. Оларды жасау қазақтың киіз басу, өрнек жасау өнерін тереңдете түскен. Бұл әбзелдерді ақ тоқтының жүнінен басылып, пісірілген шаңқан ақ киізден пішкен, тіпті кейде киіздің түсін ағарта түсу үшін бор да қосатын болған. Оюлап пішілген ақ киізді өрнекті жіппен жиектеген немесе мақпал мен шұғадан ою бастырған. Ал киіз үйдің бау-басқұрлары әшекей өрнекпен көмкеріліп, түрлі-түсті жіппен тоқылатын болған.Соңғы ғасырдың аяқ шенінде қазақ мемлекетінің тәуелсіздік алуына орай, ұлт мәдениетінің де жанданғанын жақсы білесіздер. Қазақтың қасиетті киіз үйі де ұлт мәдениетінің бір көрінісі ретінде қайта дәріптелді. Жер-жерде ата-бабаларымызға арналып беріліп жатқан астар мен өткізіліп жатқан ұлан-асыр тойлардың сәні қазақтың сән-салтанаты мен ұлттық дәулетін көрсететін осы киіз үйлер болуда. Әсіресе алғаш рет 1991 жылы Абылай ханның асында тігілген Торғай ордасы деп аталған киіз үйдің даңқы айрықша болды. Кейіннен оның көлемі 12 қанаттан 18 қанатқа дейін ұлғайтылып, Есет батырдың, Шақшақ Жәнібек батырдың, ұлы Абайдың тойларында қайта тігілді. Бұл киіз үйдің биіктігі 8 м, ішіне жүздеген адам еркін сияды. Осындай сән-салтанатты қазақтың киіз үйлері – ұлтымыздың мақтанышы.
Answers & Comments